Қазақ хандығының тарихында болған маңызды оқиғалардың жылнамасы.
Сақтап алыңыздар.
1465. Қазақ хандығы құрылды. Ел бастаған Керей хан мен Жәнібек хан Шу, Талас алқабына ірге тепті.
1465-1470 шамасы. Керей хан билік құрды. Хандық орнықты.
Керей мен Жәнібек Моғолстан ханы Есен-Бұғамен одақтаса отырып, қалмақ (ойрат) шабуылының бетін қайырды.
1465. Керей ханның туы астындағы жұрттың саны екі жүз мыңға жетті.
1470. Керей мен Жәнібек Сыр бойына қайтып оралды. Түркстан өңірінің біраз аймағы Қазақ хандығының құрамына қосылды.
1471-1480 шамасы. Жәнібек хан билік құрды. Хандық нығайды. Сыр-Дария алқабы, Түркстан өңірі үшін қантөгіс майдан ашылды.
1486. Қазақтар Шәйбани ханды ауыр жеңіліске ұшыратып, Хорезмге тықсырды.
1491. Қазақтар екі үлкен ұрыста моғолдарды жеңді.
1510. Қасым сұлтан қысқы соғыста Шәйбани ханды біржола талқандап, ұлыс шегінен асыра қуды. Түркстан уәлаятына қарасты қалалардың көпшілігі Қазақ хандығының құрамына енді.
1511-1520. Қасым хан билік құрды. Ежелгі Көк Орда жерінің басым бөлігі және Жетісу Қазақ хандығының иелігіне айналды, халықтың саны бір миллионнан асып, әскер саны үш жүз мыңға жетті.
1511 шамасы. Қасым хан Қазақ хандығының «Қасқа жол» аталатын ең алғашқы заң жүйесін қабылдады.
1512. Қасым хан Сайрам қамалын алды, Ташкентке жорық жасады.
1521-1522. Момыш хан билік құрды.
1523-1533. Тайыр хан билік құрды.
1525 шамасы. Екі жүз жылдық ойрат-қазақ соғысы басталды.
1533-1537. Тоғым хан билік құрды.
1537, 27 шілде. Сан-Таштағы төрт халықтың соғысында қазақ-қырғыз әскері түгелімен қырылды. Тоғым хан тоғыз ұлы және әскербасы отыз жеті сұлтанмен бірге шәйіт болды.
1556. Бұйдаш хан Ноғай Ордасының шығыс бөлігін Қазақ хандығының қосып алды.
1558. Қазақ хандығы Бұқар хандығын тықсыра бастады.
1559. Бұйдаш хан шәйіт болды.
1538-1580. Хақ-Назар хан билік құрды. Қазақ хандығы ежелгі қуатын қалпына келтірді.
1569. Хақ-Назар хан Ноғай Ордасын қиратып жеңді.
1570. Қазақ хандығы ойраттардың бір бөлігін бодандыққа түсірді.
1579. Хақ-Назар хан Түркстан мен Сауранды, Оңтүстік өңірдегі тағы біраз қонысты қайтарып алды.
1580, 23 көкек. Хақ-Назар хан шәйіт болды.
1580-1582. Шығай хан билік құрды.
1582, маусым. Тәуекел сұлтан Түркстан түбінде Ташкент уәлаятының әміршісі Баба-сұлтанды талқандады.
1583-1598. Тәуекел хан билік құрды. Қазақ хандығы өзінің әскери, саяси қуатының шарықтау шегіне жетті.
1586. Тәуекел ханның Мәуреннахрға қарсы алғашқы шапқыны.
1594-1595. Тәуекел хан Русияға елші аттандырды; жауап елшілік.
1598, жаз. Тәуекел ханның Орта Азияға жеңісті жорығы.
1598, күз. Тәуекел хан шәйіт болды.
1598-1643. Еңсегей бойлы Ер Есім хан билік құрды. Қазақ тарихының қаһармандық кезеңі.
1598, күз. Бұқар-Қазақ бітімі нәтижесінде бүкіл Оңтүстік Қазақстан және Ташкент уәлаяты Қазақ хандығының құрамына қайта қосылды.
1599 шамасы. Есім хан «Ескі жол» аталатын жаңа заң жүйесін орнықтырды. Қазақ хандығының астанасын Түркстанға көшірді.
1603. Екінші қазақ-бұқар соғысы басталды. Айғыр-жар ұрысында қазақтар жеңіске жетті.
1604. Есім хан ойраттарды күйретіп жеңді.
1613. Есім хан Самарқан түбінде бұқар-ауған әскерін талқандады.
1619-1624. Есім хан Шығыс Түркстан үшін күрес жүргізді.
1620. Есім хан ойраттарды кезекті жеңіліске ұшыратты.
1624. Есім хан Ферғанадағы майданда жеңіске жетіп, Екінші қазақ-бұқар соғысын аяқтады.
1627. Есім хан бүкіл алаш жұрты түп көтерілген ұлы жорықта Ойрат Одағын қиратып, босқынға ұшыратты.
1627. Ташкент уәлаятының әміршісі опасыз Тұрсын хан Қазақ хандығындағы азамат соғысына жол ашты, Түркстанды шапты.
1627. Сайрам түбінде Тұрсын хан бастаған екі сан қатаған қазақтар мен Есім хан бастаған үш сан алаш қазақтар арасында қантөгіс ұрыс болды, Есім хан басым түсті, Тұрсын хан әскерінен айрылып, Ташкентке келіп тығылды.
1627. Есім хан Ташкентті алды, Тұрсын ханның басын шапты, қатаған руы жазаға тартылып, қырылғаннан қалғаны басқа рулар ішіне таратылды. Есім хан жазылмас дертке ұшырады.
1635, жаз. Жәңгір сұлтан торғауыт Хо-Өрлік тайшының ұлысын шапты, Жемнен өткеріп, батысқа қарай тықсырды.
1643. Есім хан дүние салды.
1643-1652. Салқам Жәңгір хан билік құрды.
1643, желтоқсан. Қоңтажы Батұр ойрат, халха, торғауыт – бүкіл моңғол жұртынан құралған қалың әскермен Қазақ хандығы құрамындағы қырғыз жеріне басып кірді.
1644, қаңтар-мамыр. Кең көлемді қазақ-моңғол соғысы.
1644, маусым, шілде. Салқам Жәңгір хан екі үлкен ұрыста біріккен ойрат-халха әскерін қиратып жеңді. Соңғы шайқаста қазақ әскеріндегі жаңа шерік – мылтықпен қаруланған алты жүз мерген айрықша көзге түсті.
1644, күз. Салқам Жәңгір хан Ұлы Моғол империясы мен Бұқар хандығы арасындағы соғысқа араласты, Ауғаныстандағы майданға жүз мың әскер жіберді; қазақ аламандары Балх қаласының түбіндегі елу күн бойғы қырғын шайқастан соң соғысты өзбек-бұқар хандығының пайдасына шешіп берді.
1652, қаңтар, ақпан. Хошауыттар қырғыз жеріне тұтқиыл шабуыл жасады. Салқам Жәңгір хан шәйіт болды.
1676-1680. Қазақтар Бұқар хандығындағы тақ таласына араласты.
1680-1715. Әз-Тәуке хан билік құрды.
1681—1684. Сайрам соғысы; Дүрбін-Ойрат Қазақ хандығын ауыр жеңіліске ұшыратты.
1690 жыл шамасы. Әз-Тәуке хан Қасым ханның «Қасқа жол», Есім ханның «Ескі жол» заң үлгілерін жаңғыртып, «Жеті жарғы» аталатын жаңа заң жүйесін енгізді.Төрелерді іркіп, ел басқару ісін билерге жүктеді.
1698. Дүрбін-Ойрат Шу, Талас бойына басып кіріп, Қазақ хандығын шайқалтып кетті.
1411-1710. Ойраттардың жаңа жорығы.
1711. Абылай хан туды.
1712. Қазақтардың ойрат шапқыншылығын тоқтату әрекеті.
1714. Қазақ хандығының Дүрбін-Ойраттан кезекті ауыр жеңілісі.
1715. Әз-Тәуке хан дүние салды.
1715-1718. Қайып хан билік құрды.
1717 жаз. Қайып хан мен Әбілхайыр сұлтан бастаған қазақ әскері Аягөз ұрысында ойраттардан қирап жеңілді.
1718. Ойраттар қазақ жасақтарын Арыс, Бөген, Шаян өзендерінің бойында бет қаратпай жеңіп, бүкіл Оңтүстікті шапқындап кетті.
1718-1729. Болат хан билік құрды.
1723-1725. Ойраттардан түбегейлі жеңіліс, Түркстан, Сауран, Ташкенттен, бүкіл Оңтүстіктітен айырылу, Ақтабан-шұбырынды.
1728. Бұланты ұрысы, ойраттар Сары-Арқадан кері қайырылды.
1730. Аңырақай ұрысы, ойрат шабуылы тойтарылды, қазақтар ес жинай бастады.
1730. Қазақ хандығы дербес ұлыстарға бөлінді; ру, жүз ішінде билердің өкімі күшейді.
1731. Кіші жүздің бір бөлігі мен Орта жүздің біраз руларын билеп отырған Әбілқайыр хан Ресей өкіметімен бодандық негізіндегі әскери және саяси қамқорлық туралы келіссөзге жол ашты.
1733. Әбілмәмбет хан бастаған қазақ әскері ойраттарды ауыр жеңіліске ұшыратты; жиырма жасар Абылай сұлтан атаққа шықты.
1740, қыркүйек-желтоқсан. Ойраттардың Сары-Арқаға жорығы.
1741, қаңтар-наурыз. Ойраттардың кезекті жорығы қысқа соғысқа ұласып, одан ары жазға жетті.
1741, көктем, жаз. Абылай хан ойрат шабуылын тойтарды, өрісін ұзартып, Жоңғардың ішкі аймақтарына жортуылдар ұйымдастырды.
1752, қазан. Екі жүз жылдық ойрат-қазақ соғысындағы бетбұрыс кезең; Абылай хан Аягөз-Нарын ұрысында ойраттардың негізгі күшін талқандады.
1753. Қабанбай, Жанатай, Мүйізді Өтеген, Ер Жәнібек, Бөгенбай батырлар бастаған қазақ қосындарының Жоңғарға қарсы түйдек-түйдек, жеңісті жорықтары.
1754, күз. Абылай хан Дүрбін-Ойратты біржола талқандап, Екі жүз жылдық соғыста түпкілікті жеңіске жетті.
1755, көктем. Абылай ханның Жоңғарды жуасыту жорығы.
1756-1757, Шүршіт-қазақ соғысы.
1756. Абылай хан Қалмақ-Толағай, Аягөз ұрыстарында шүршіт-цин әскерлеріне ауыр соққылар беріп, жазғы майданда тактикалық және стратегиялық үлкен жеңіске жетті.
1757. Цин патшалығының Қазақ хандығына қарсы жаңа жорығы; ауыр шығынға ұшыраған Абылай хан әскердің негізгі күштерін сақтай отырып, кері шегінді.
1757. 15 мамыр. Абылай ханның сенімді өкілі Әбілпейіз сұлтан мен мәнжу-цин қолбасысы Фу Дэ арасындағы уақытша бітім туралы Айдын-Су мәмлесі.
1757, 7 маусым. Цин патшалығы өкілдері мен Абылай хан арасындағы Аягөз бітімі.
1757, қыркүйек, қазан. Абылай хан Бежінге елшілік аттандырды. Тәуелсіз сыйластық туралы келісім.
1760 ж.-дан соң. Қазақтар бейбіт жолмен ата жұрт Шығыс Түркстанға қайтадан қоныстана бастады.
1765, қазан-қараша. Абылай ханның қырғызға қарсы жеңісті жорығы.
1766-1768. Абылай хан Қоқан хандығына қарсы соғыс ашты, Ташкентті бағындарды.
1770. Абылай хан Қырғыз ұлысын талқандап, қазақ-қырғыз шекарасын айқындады.
1771. Абылай хан «Шаңды жорық» соғысында торғауыт қалмақтарды біржола тоздырды.
1771. Абылай хан Түркстанда бүкіл Қазақ хандығының ханы ретінде ақ киізге көтерілді.
1781, мамырдың басы. Абылай хан дүниеден көшті.
1781 ж.-дан соң. Батыс және Орталық Қазақстанда Ресей ықпалы күшейе түсті, біртұтас Қазақ хандығы жеке ұлыстарға бөлшектенді. Ресей патшалығы Орталық және Батыс Қазақстанды біржола отарлау ісін жүзеге асыра бастады.
1801. Бөкей хан Ресей патшалығымен бейбіт келіссөздер жүргізу арқылы Еділ мен Жайық арасындағы ата жұртты қайтарып алды, бұл өңірде Бөкей Ордасы құрылды.
1801-1822. Оңтүстік Қазақстан Қоқан хандығының теліміне түсті.
1822. Ресей патшасының жарлығымен Орта жүзде хандық билік жойылды деп жарияланды.
1835. Абылай ханның шөбересі, болашақ ұлы ғалым Шоқан туды. (1865 ж.өл).
1837-1847. Абылай ханның немересі Кенесары ханның Қазақ хандығын сақтап қалу жолындағы күресі.
1841. Кенесары үш алаштың ханы ретінде ақ киізге көтерілді.
1845. Қазақ халқының ұлы ақыны Абай туды. (1904 ж.өл).
1847. Кенесары хан шәйіт болды. Қазақ хандығы құлады. Қазақ тарихындағы жүз қырық төрт жылға созылған отарлық заман басталды.
Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» кітабынан