Жылдарым менің, Сырғанап жатқан сынаптай, Кей сәтте тұман, Кей сәтте жарқын шуақтай. Арманым менің Алдыға сүйреп,шаршасам- Үмітім мені Сүйемелдейді құлатпай! Жылдарым менің- Жолдарым, соқпақ, сүрлеулі. Үйретті өмір Үзілген үмітті үрлеуді. Бұл өмір деген- Шытырман екен,лабиринт Бұл тағдыр деген- Драма екен күрделі! Жылдарым менің, Өтіп бір жатқан ғұмырым, Кей сәтте еңіс, Кей сәтте шыңда тұғырым. Жылдарым менің- Мен басып өткен жолдарым, Шегінбейтұғын, Ала алмайтұғын бір үзім. Жылдарым менің, Бал балалығым, жастығым, Сендерге сірә, Ат басын бұрмай асты кім?! Ең алғаш рет Сендерден алған бастауын Мына пендеңнің Ғұмырнамасында басты күн! Жылдарым менің, Жалғасып әлі келесің, Көп менің әлі Бергенімнен де, бересім! Өмірден алған Еншім бар Өлең дейтұғын, Қара өлеңнің Қасиеті мені демесін! Жылдарым менің- Жолдарым сансыз жосылған. Кездесіп қалар, Ащы-тұщысы тосыннан. Томағамды Сыпырып ал да, қиқу қос Мен бала-қыран Қансонар-жырға қосылған! Жылдар мен жолдар, Жырым бар отты,ал тыңда! Шыға алсам шыңға Шәулі бүркіттің қалпында. Қанжығаң сосын, Тұщымды жырмен майланса, Сауға берерсің, Кейінге келер толқынға! Жылдарым менің - Жолдарым әзір тоқтама, Кеудемде жырдың Жанып тұр оты шоқтана! Сол шоқтан ұшқын- Жалын боп маздай алмаса, Қызым деп мені Мен өлген кезде жоқтама! // Меңдігүл Мұханбетжанқызы - Жылдар мен жолдар