Өткен күн еске түсер қартайғанда, Ертегі өлең болар айта алғанға. Ұзын жолдың тәсбиығы ертек айтпақ, Айтылар көр мағына байқағанға. Бір үлкен Түркістанда хан болыпты, Байлығы мол, бақыты зор сол заманда. Қырық мың ділдә берем деп уағда еткен, Үш ауыз жұмбағымды тапқан жанға. Ханзада осылайша қылды жарлық, Хан сөзін тыңдап отыр барша халық. Үш ауыз жұмбағымды тапсаңыздар, Қырық мың ділдә аласыздар пайдаланып. Егерде табамын деп таба алмаса, Сертім сол өлтіремін басын алып. Екінші тапқан ерге сертім мынау, Бас уәзір қыламын қасыма алып. Сұрайтын жұмбағының түрін айтты: Тәттіде не тәтті деп бірін айтты. Қаттыда әм не қатты, ауыр да не? Әзірлеп үш жұмбағын тәмәм етті. Отырды ханның сөзін халқы сынап, Біреуге теріс көрінді, біреуге ұнап. Табамыз деп, болмаса таппаймыз деп, Ханға сөз қайтармады ешкім бірақ. Кеш болған соң ханынан рұқсат алып, Шығысып үйді-үйіне кетті тарап. Сол жерде бірге отырған бір кедей шал, Әуелден молықпаған басынан мал. Ұл перзенті болмаған шал-кемпірдің, Он жасқа жаңа жеткен бір қызы бар. Кеш болған соң шал байғұс қайтады үйге, Бейшара жолығады қандай күйге. Күнде ерте қайтушы едің деді қызы, Ай, ата, кешіктіңіз бүгін неге? Шал айтады не үшін кешіккенін, Хан сөзін халыққа айтқан естігенін. Еріккен хан ермек қып ертек айтып, Үш ауыз жұмбақ сұрап естірткенін. Хан үш ауыз халыққа айтты жұмбақ, Табам деуші болмады мұны бірақ. Тапқанға қырық мың алтын сый береді, Табам деп таба алмаса басын алмақ. Табам деп мұны ешкім айта алмады, Еш адам ханға жауап қайтармады. Мен түгіл менен зорлар үндеген жоқ, Ақырын атаң да үйге байпаңдады. Сұрады атасынан сонда әлгі қыз, Ханыңыздың мәжілісіне болыпсыз кез. Сұраған хан жұмбағы қандай екен? Қайтадан бізге айтып естіртіңіз. Естиік жұмбағының түрі қандай, Сөз бе екен мағыналы таң қалғандай. Ханның қылған сертіне тұрғылық па? Таба алмай халық қиналып сандалғандай. Қырық мың ділдә беріп байытатын, Оңай сөз болса егер аңғарғандай. Қыз сөзін атасы естіп шошып кетті, «Шырағым, жасың онға жаңа жетті. Өзі келмей пәлеге біз бармайық, Аузыңа мұндай сөзді алма» депті. «Ай, ата, қарамаңыз жасымызға, Көп жаста аз көрінер ақылсызға. Таппасақ осы жерде қалады ғой, Неміз бар пәле егіп басымызға. Күн бұрын үрейленбей айта берші, Қазір хан тұрған жоқ қой қасымызда». «Қарағым, қуанышым, көрер көзім, Сен едің жұбанышым жалғыз өзің. Айтпасқа еркі алдыма қоймадың» деп, Айтады үшінші рет ханның сөзін. Не нәрсе тәтті ішінде ең тәттісі, Не нәрсе қатты ішінде ең қаттысы, Ауырдың ең ауыры не нәрсе деп, Серт қылып ханның айтқан жауабы осы. Қыз айтты сонда тұрып бұл сөз оңай, Шал атам алтын алып боласың бай. Бардағы ханнан әкел қырық мың ділдә, Сұраса беретұғын жауап былай. Тәттінің ең бастысы алған жарың, Қатты сол жоқшылықтан тартқан зарың. Ауырдың ең ауыры қылған уағда, Бұл болмаса мойныма әкем қаның. Қыз бар деп жалынады атасына, Еркіне қояр емес бармасына, «Я, тақсыр, жұмбағыңды таптым» дейді, Шал байқұс келіп сонда хан қасына. «Қанеки, тапсаң егер айт,– дейді хан Қырық мың ділдә алтын алып сен қайт» дейді. Сөйлейді хан рұқсат бергеннен соң, Шал байқұс сонда отырып былай дейді: «Тәттінің ең тәттісі – алған жарың, Қатты сол – жоқшылықтан тартқан зарың. Ауырдың ең ауыры – қылған уағда, Бұл болмаса мінеки төксең қаным». Сонда хан ақырын ғана күлімдейді, «Пәле, сабаз, тауыпсыз бүгін,– дейді. Анық өзің тапты деп сене алмаймын, Тапқандай өнер сенде көрінбейді. Қырық мың ділдә алдына салады енді. Аз уақыт шалда байып қалады енді. Кім тауып саған мұны үйретті» деп, Қыспаққа шал байқұсты алады енді. Шал байқұс қысылған соң қалтаңдайды. Анық өзім таптым деп айта алмайды. Он жасар қызым тауып үйретті деп, Бейшара шынын айтып қайқаңдайды. Сонда хан шалдың қызын алдырады, Жұмбақты тапқан сен бе деп сұрады. Сұраған хан сөзіне жауап беріп, Өзінің тапқандығын нандырады. Жаңада жеттім дейсің жасым онға Жаста болсаң келіп тұр сөзің оңға. Жардың тәтті екенін қайдан білдің, Әлі өзің жүрген жоқсың мұндай жолға. Сүйікті жанын үзген атам-анам, Деп сүйген айым-күнім жалғыз балам. Жатқызып ортаға алып ұйықтатады, Оянсам тоңып, жаурап шетте қалам. Тәттінің ең тәттісі жар екен деп, Осыдан тәмсіл қылып ғибрат алам. Жұмбағың мұныменен шешілмесе, Не қылсаң қолыңдамыз, асылзадам. Бір тонды жамылушы ек үшеу ара, Киім жоқ жамылатын жеке дара. Кедейлік қатты екенін мұнан біліп, Тоңып, жаурап жылаймын мен бейшара. Қапылыста келуші еді үйге қонақ, Ұялып қалушы еді атам бейбақ. Қысылып, терлеп-тепшіп беруге ас жоқ, Мұнымен не қылады жанды қинап. Қаттының ең қаттысы жоқтық қой деп, Тәмсіл қып білуші едім содан ойлап. Ауырда уағда қылған сертің еді, Не қылсаң әміріңді еркің еді. Біреу егер табам деп таба алмаса, Уағдаң өлтіруге бекім еді. Жазықсыз жұмбақ үшін қан төгетін, Осынша халқың сізге не етіп еді. Ауырдың ең ауыры уағда екен деп, Ғарібің бұлай тәмсіл етіп еді. Жұмбағын тауып қырық мың ділдә алып, Әкесімен үйіне кетіп еді. Үйіне бұлар қайтып барады енді, Алтынға әбден байып қалады енді. Ханымы мен бұл шалды хан алғызып, Байқұсты ит әуреге салады енді. Хан айтты «қызың маған бересің,– деп, Бұл айтқан әміріме көнесің деп, Бір елге басшы сайлап жіберемін, Әртүрлі сыйды қанша көресің деп. Қыз бермесең көнбесең әміріме, Асылынып дарбазада өлесің» деп. Шал айтты «тақсыр, маған ұлықсат бер, Қызыма сөйлесейін үйге жібер, Еркімен қызым сізге тием десе, Қайтып келіп берейін жауабын дер. Еріксіз болса зорлап бере алмаймын, Қайтейін амал бар ма өлтіре бер». Хан сонда шал байқұсқа ұлықсат берді, Үйіне қорыққаннан зорға келді. Қызыңды бересің деп зорлағанын, Қалдырмай бастан-аяқ айтады енді. Қайтармай ханға жауап бөгелгенім, Сен үшін бойыма.... не көргенім. Жылатып сені ханға бергенімше, Емес пе жүз есе артық өз өлгенім. «Ай, ата, менің үшін қайғырмаңыз, Басыңды көп ойланып дал қылмаңыз. Хан алса еркімменен мен барайын, Әртүрлі көп қалың мал сіз сұраңыз. Қалың малға он саулық қозы берсін, Жиырма саңдақ айбатлы бөрі берсін. Және отыз жолбарыс, қырық арыстан, Түлкіден бір кем емес елу берсін. Алпыс арқан, жетпіс шідері берсін, Сексен пұт қаны кепкен жүрек берсін. Тоқсан пұт қаны кепкен сүйек берсін, Бір шалымен және де бір кемпірі бар, Бұларды хан, ханышадай киіндіріп, Және де сол екеуінің сырын білсін. Некемді мұңсыз жанға қидырамын, Алуға осы шартпен уағда қылсын. Риза болса хат жазып мөрін бассын, Болмаса ханыңыздың өзі білсін». Шал сонда осы сөзбен ханға барды, Қыз сөзін бастан-аяқ айтып салды. Серт қылып уағдамен тием дейді, Берсе егер осы түсті қалың малды. Хан сонда қалың малды бермек болды, Сөзіне қыздың айтқан көнбек болды. Ақыры бұл кеңестің неге соғар, Бірталай хан байқұсқа ермек болды. Хан болыпты он жасар қызға асық, Аламын деп қуанар болса нәсіп. Қыздың айтқан сертінің бәрін жазып, Хат беріпті қол қойып, мөр басып. Енді хан сапар шегіп түсті жолға, Некесін қидырмақ боп мұңсыз жанға. Серт қылып қызбен уағда байлағанын, Келіп арыз қылыпты мұңсыз ханға Мен сізге арызымды білдіргелі, Көңілімді мақсұт тауып тындырғалы. Мұңсыз деп ғаламға атың шыққаннан соң, Некемді келіп едім қидырғалы. Осылай сөзін айтып арыз қылды, Мәнісін арызының естіп білді. Қыз алам деп мақтанып келген ханға, Мұңсыз хан сонда былай жауап берді: «Қыз құмарлық алдырған ақылыңды, Қаратпай теріс-қисық мақұлыңды. Қыздың сөзін миға сап шешкен болсаң, Тастап мұнда келмес ең ел-жұртыңды. Неше түрлі сұраған қалың малға, Ала алмасаң сүйекке болар таңба. Он қозы он жастағы осы айтқан қыз, Бармаймын дегені ғой сендей шалға. Жігіт адам жиырмада бөріге ұқсар, Отызда жолбарыстай күші тасыр. Қырық жаста арыстандай айбатты боп, Түлкідей елу жаста қайла тосар. Алпыс жаста атсың ғой арқандаулы, Жетпісте төрт аяғың бірдей баулы. Сексенде тамырыңның бәрі кеуіп, Тоқсанда қу сүйектен қанша аяулы. Боядың шал-кемпірді қаны қанша, Жасарды алтынменен олар қанша. Мисалы жай шал ханның киімін кисе, Айырғыш арасында барма сонша. Хан болсаң да ақылсыз жан екенсіз, Деп ойлап іздеп келдің мені мұңсыз. Әркімнің өз теңдесі өзіне артық, Не қылсын хандығыңды он жасар қыз. Некесін қидырмақшы мұңсыз жанға, Сол үшін іздеп келдің мұңсыз ханға. Сырымды айтсам өлтірмей жібермеймін, Мендағы мұңдымын ба, мұңсызбын ба? Хан өкінді бекер-ақ келгенмін деп, Босқа кетті бекер-ақ келгенім деп. Сертке жетіп бұл қызды ала алмасам, Мың есе артық осында өлгенім деп. Сөйлейді мұңсыз ханға сонда зарлап, Хан басыммен бетіме түсті таңдақ. Елге барып келемеж болғанымша, Лайық қой осы арада өліп қалмақ. Хан зарланып жылайды, Көзінің жасын бұлайды, Мұңсыз ханға өтініп, Сырыңды айт деп сұрайды. «Айтшы маған сырыңды, Естиін қандай мұңыңды, Бірі бітсін арманым, Сонан соң өлтір сертіңмен. Қабыл көрсең мұнымды, Тірі болып жүргеннен, Өз қолыңнан өлейін, Лайық көріп өлімді». Мұңсыз хан сонда сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді: «Білейін десең сырымды, Менімен еріп жүр дейді. Әкелді түкпір сарайға, Бір жігіт, бір келіншек, Екі бала қасында, Отыр екен көр дейді. Мынау менің сүйікті, Таңдап алған қатыным, Мынау жігіт жат адам, Емес менің жақыным. Осыларды көргенде, Оттай қаулап жүрегім, Есімнен танып тұрамын, Бойымда болмай ақылым. Халқым мені хан сайлап, Ел биледім жасымнан. Бір-бірлеп сөзді айтайын, Түсіндіріп басынан. Махабатлы жарымның, Қызығын көріп екі-үш ай, Ешқайда шықпай қасынан, Тәмсіл қылып сөйлеуші ем, Бал ма екен деп жалғанда, Татулық бізден асырған. Уа, дариға қайтейін, Сол секілді дәуренім, Өтіп бір кетті басымнан. Сейілге әскер алып шықтым бір күн, Үйімде иесіз қалды мал мен мүлкім. Қызығын дүниенің көрген жақсы, Жігітке босқа отыру емес мүмкін. Үйде отырсам бұлайша болмас па едім, Еркіме қойып тұр ма жастық менің. Бір киік алдымыздан тұра қашты, Ат қойып күллі әскер қамшы басты. Жалғанда болмаған бір жүйрік екен, Жеткізбей әлденеше қырдан асты. Бәрінен менің атым болған жүйрік, Киікті кеттім енді жалғыз қуып. Әскерлерім көрінбей кейін қалды, Жақындап киікке енді келдім жуық. Киікке жетіп келдім зырқыратып, Мылтықпен өлтірмедім бірақ атып. Тірідей ұстаймын деп жүргенімде, Ат сүрініп жығылдым омақасып. Мен жығылып қалыппын аттан түсіп, Құтылып киік кетті болмай нәсіп. Дәл шабымнан тіреліп құлағанда, Қылышым жан жерімді кетті кесіп. Қалыппын сол арада есім ауып, Әскерлерім артымнан келген шауып. Қызыл қанға боялып жатқанымда, Ізімнен іздеп жүріп алған тауып. Сол жерде даяр еді неше тәуіп, Қарады күні-түні дәрі жағып. Жазылды саламат боп жараларым, Ажалсыз бітпеген соң дәм мен жарық. Не керек тірі қаппын құр қалқиып, Әжетке жазылғанмен жарамадым. Бұрынғы татушылық жөніменен, Отырды үш жыл сақтап мынау жарым. Қатын айтты бір күні жар жолдасым, Көзінен бұршақ-бұршақ төкті жасын. Әкеліп қылышымды қолға беріп, Алдыма тосып тұрды кес деп басын. Басымды, тақсыр, менің шап деп айтты, Қанымды сізге артпаймын ат деп айтты. Жасшылық әсеріне шыдамадым, Болмаса бір ғылажын тап деп айтты. Сізді тастап басқаға кете алмаймын, Сізбенен еш мұратқа жете алмаймын, Паш қылып сырыңызды сыртқа жайып, Масқара сізді бұлай ете алмаймын. Тірліктен артық көрем өлгенімді, Не табам тірі болып жүргенімде, Басымды, тақсыр, неге шаппадыңыз, Алдыңа ризалықпен келгенімде. Сонда жылап көзімнін төктім жасын, Жазықсыз қалай кесем адам басын. Бір ауыз жаман сөзін естімеген, Жасымнан тату өскен жар жолдасым. Далаға шыдай алмай шыға келдім, Көшеде келе жатқан жігіт көрдім. Сол халде бұл жігітті шақырып ап, Оңаша сарайыма алып келдім. Алдында қатынымды талақ қылып, Ғақыт нақақ оқыдым бұған бердім. Серт қылдым еш адамға білдірмеске, Тысқа шықсаң басыңды алам дедім. Білмейді бұл сырымды ешбір адам, Ана екеуін өзімнің балам дедім. Кәнеки мұңлымын ба, мұңсызбын ба? Мырзам-ау біздің жайды қалай білдің. Болады мұнан артық мұңлы қандай, Іс екен бұл бір ғажап таңғалғандай. Хан болып, халық билеп бүйтіп жүріп, Алдану бекер екен сұм жалғанға-ай! Сырыңды айттың мұңсыз хан, Көңілден шықпас бұл арман, Сертіңе жетсең мінеки, Жолыңа пида шыбын жан. Мұңсыз хан сонда айтады, Сертке жетіп не етейік, Бұрында күнәм бар шығар, Обалыңды арқалап, Қаныңды төгіп не етейік, Қабыл көрсең сөзімді, Сүйер болсаң өзімді, Бір уағда етейік. Хияметтік дос болып, Өле өлгенше айрылмай, Бірге жүріп өтейік. Алдаушы мынау сұм жалған, Пайда қылмас ешкімге, Талақ қылып шіркінді, Көңілімізден шығарып, Кел қажыға кетейік. Раузасын көріп Расулдың, Жүзіміз сүртіп ізіне, Барып тәуіп етейік. Кеш деп, Алла күнәмді, Екінші тілек иманды, Көтер Алла білекті, Қабыл етсе тілекті, Орын алып сол жайда, Мұратқа солай жетейік! Бұл бір жүрген ер еді, Ерлігінің белгісі, Қабыл етіп бұл сөзін, Айтқанына көнеді. Хияметтік дос болып, Талақ етіп дүниені, Қажыға бірге кетуге, Уағдасын береді. Бағанағы жігітке, Ел-жұртын, мал-мүлкін, Бақыты мен тақытын, Тапсырып соған береді. Алланың іздеп ақ жолын, Жалғанға бұрмай көңілін, Меке жолы қайсы деп, Қосын артып жөнелді, Сол бетімен тоқтамай, Мекеге барып жетеді. Неше түрлі шартымен, Тәуәбін кемел етеді, Қабыл болып тілегі, Қасыл болып мұраты, Орын алып сол жайда, Дүниеден өтеді. // Ғабдолла Жұманұлы - Мінсіз хан әңгімесі туралы (1915) 25.9.1932 ж.

Теги других блогов: жұмбақ хан күй